Гепатит: вакцина аурудың алдын алуға көмектеседі

12.08.2019

Жақында Дүниежүзілік гепатитке қарсы күрес күні атап өтілді. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Павлодар облысы бойынша филиалында хабарлағандай, биыл бұл шара «Ресурстарды гепатитті жоюға жұмсайық!» ұранымен өтуде және әр адамды сырқатпен қалай күресуге болатынын білуге шақырады.

Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының  деректері бойынша әлемде 325 млн адам В немесе С вирусты гепатитіне шалдыққан. Өлім-жітім деңгейі жағынан аталған инфекциялық ауру туберкулезден кейін екінші орында тұр. Ал гепатит жұқтырғандар саны  АИВ санынан 9 есеге көп. Гепатиттің алдын алуға және емдеуге болады, ал С гепатиті толық жазылады.  Бірақ гепатитпен ауыратын адамдардың 80%-на алдын алу, тексерілу және емдеу шаралары қолжетімсіз.

Ресми деректерге сүйенсек, Павлодар облысында 2019 жылы осы сырқат бойынша диспансерлік есепте  2359 адам тіркелген, олардың 24-іне диагноз алғаш рет қойылған.  Гепатитпен ауыратын науқастардың басым бөлігі Алматы (8943), Нұр-Сұлтан (8088) қалаларында, Түркістан облысы (6592) мен Шымкентте (6369).

Гепатит — бауырдың қабынуы. Сырқаттардың 90 пайызы — өткір гепатитке шалдығады: мұндайда науқастың көзі мен терісі сарғайып кетеді. Алайда, емделіп шыққан пациент бойында ауруға қарсы иммунитет пайда болады.

Гепатиттің айқын әрі көпшілікке таныс белгілерінің бірі — сарғаю. Бірақ кей жағдайда аурудың ешқандай белгісі байқалмауы да мүмкін. Сол себепті өзін жайсыз сезінген адам денсаулығы мен ағзасында болып жатқан өзгерістерге мұқият зер салғаны абзал. Вирус организмге түскеннен кейін бауыр жасушаларын зақымдап, оның қызметі бұзылады. Қабынған бауыр дер кезінде емделмесе жасушалардың орнында ешбір функция атқармайтын пайдасыз тін пайда болады. Кейін ол фиброз, циррозға немесе қатерлі ісікке айналып кетуі мүмкін.

Гепатит вирусынан қорғанудың бес негізгі алғышарттары бар. Ол таза ауыз су ішу, тазалық гигиенасы ережелерін сақтау, санитариялық шараларды арттыру (стерильденген инелер,  ұстаралар, және басқа медициналық құралдар), жыныстық-қатым қатынаста қорғану, иммунитет көтеру.

Медициналық сақтандыру қоры Павлодар облысы бойынша филиалының директоры Айдар Ситказиновтың айтуынша, «Иммунитетті көтеру, яғни екпе салдыру – гепатиттің алдын алуға септігін тигізеді. Айта кету керек, вирустық гепатит тегін кепілдендірілген медициналық көмектің кепілді көлемі аясында бюджет қаржысына емделеді. Қазақстанда жаппай екпе егу нәтижесінде соңғы 25 жылда В гепатитімен ауырғандар арасында балалар саны 1234,5 есе, ересектер арасында аурудың таралу көрсеткіші 311,5 есе азайған».

Қазір A, B, D және E гепатитіне қарсы вакциналар бар. Өкінішке орай, олардың бағасын қарапайым халықтың қалтасы көтере бермейді. В гепатитіне қарсы салынатын вакцина D гепатитінің алдын алуға көмектеседі. Ал, С гепатитіне қарсы тиімді вакцина әзірге жасалған жоқ.

 

«Әлеуметтік медициналық

сақтандыру қоры»КЕАҚ

Павлодар облысы бойынша филиалы






[yop_poll id="2"]
  • umc-k umc-k
  • Global Conference On Primary Health Care Global Conference On Primary Health Care Global Conference On Primary Health Care

Нашар көретіндерге арналған нұсқа
Нашар көретіндерге арналған нұсқа